Жаңалықтар

6 қараша 2015
Елбасы ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты
Франция, Париж қаласы

 

Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті.

Қазақстан негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналатын ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өзі осы мінберден 20 жыл бұрын баяндаған мақсат-міндеттердің бәріне, сондай-ақ БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарына  біздің ел қол жеткізгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші  сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі –  соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру екенін, сол үшін БҰҰ Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдауды ұсынатынын айтты.

2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады. Бұл әлем қоғамдастығының ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы терроризм мен діни экстремизмге қарсы біртұтас халықаралық майдан ашу мәселесіне де тоқталды.

Әлемдік өркениеттер мен негізгі діндердің бесігі болған ежелгі Месопотамия жері бүгінде аяусыз бүлініп, тонауға түсті.  «Ислам мемлекеті» деген атты жамылғандар Таяу Шығыстың бірегей тарихи-мәдени мұрасына орны толмас зиян келтіруде. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін батыл айыптайды. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттің әлемдік бірыңғай желісін құруды ұсынамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Ислам радикализмімен күрес кезінде оны бейбітсүйгіш исламмен шатастырып алмау маңызды екені, ал экстремизмге тек мәдениетаралық және дінаралық диалог негізінде ғана қарсы тұруға болатыны да атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, біздің  ел ұсынған «Ислам терроризмге қарсы» атты форум нақ осы мақсатқа бағытталған.  

Мемлекет басшысы Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезін өткізгеніне, онда түрлі конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімге, зорлық-зомбылық қолданбауға шақыратынына назар аударды. 

Қазақстан Президенті бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігіне тоқтала отырып, ұйым жанынан Бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөніндегі  халықаралық академия құруды ұсынды.

Академия озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөнінде прогрессивті идеялар мен тиімді шаралар әзірлей алар еді. ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қақтығыстардың ертерек алдын алу жолын іздестірудің ерекше маңызы бар. Аталған тұжырымдама қағидаттары Қазақстанның БҰҰ қолдауымен «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі бастамасымен үндеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды.

Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді. Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы – Қойлық қаласы да бар. Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз. ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда. Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран және Сығанақ бар, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың айрықша маңыздылығын атап өтті.

Оның тарихына қарап, тығыз ынтымақтастық пен өзара мәдени байланыс бүкіл адамзат үшін бейбітшілік пен даму негізі екеніне көз жеткіземіз. ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі тоғысу орталығы болған Алматы қаласының 1000 жылдығы енгізілгенін ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның ЮНЕСКО-ға біздің ел бастамашылық еткен 2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жүзеге асыру ісі бойынша қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтып берді.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық барысына тоқталып, барша делегаттарды осы көрмені келіп көруге шақырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар