Жаңалықтар

13 қыркүйек 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.

03

02

01

Президент Ақтөбеде Қазақстандағы медициналық және өнеркәсіптік рентгендік аппараттарының бірден-бір өндірушісі болып табылатын «Ақтөберентген» АҚ-да болды.

Нұрсұлтан Назарбаев шетелмен салыстырғанда құны 30 пайыз төмен болатын заманауи компьютерлік томограф өндірісінің процесімен танысты. Қазірдің өзінде зауыттың өніміне ТМД-ның 23 елінен және алыс шетелдерден сұраныстар түсуде.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінде нақ осындай экспортқа және жоғары технологияға бағытталған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Келешек – соларда, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осында Президентке Ақтөбе облысында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылды. Өңірде жалпы құны бір триллион теңгеден астам 84 инвестициялық жоба іске асырылатыны атап өтілді. Ағымдағы жылы 143,9 миллиард теңге сомасында 43 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Сегіз мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партия мектебінің аймақтық партиялық оқу орталығында болып, партиялық оқу тыңдаушыларымен – Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен, Ақтөбе бөлімшесінің жұмысшыларымен және облыстың партия активімен кездесті.

Мемлекет басшысы өңірдің партиялық активін орталықтың ашылуымен құттықтап, жалпы алғанда батыс өңірінде партиялық ұйымның және орталықтың қызметінің таяу уақыттағы бағдарын айқындап берді.

- Біз партиялық-оқу жүйесіне үлкен үміт артамыз. Ол халықтың, еңбек ұжымдарының, жастардың арасындағы партиялық барлық жұмыстарға жаңа серпін беруі тиіс. Бұл үшін өңірдегі және орталықтағы ең жақсы ғылыми әлеует тартылады, - деді Президент .

Әңгімелесу барысында өңірдің партия ұйымының төрағасы Мемлекет басшысына еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар мен бағдарламалық құжаттарды іске асыру барысында жүргізілген жұмыстар туралы айтып берді.   

 Бұдан соң Президент Ақтөбенің орталық алаңына келді. Онда оның қатысуымен «Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» атты марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша облыс жастарының слеті өтті. Акцияға облыстың 70 мың тұрғыны қолдау көрсетіп, өңірдегі елді мекендерде жарты миллионнан астам жас ағаш көшетін отырғызды. Жол маңындағы жүздеген гектар аумаққа, бүлдірілген жаңа парктер мен саябақтарға тазалық жұмыстары жүргізілді.

Президент бұл – Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жақсы тарту екенін және ақтөбеліктердің тәжірибесін еліміз бойынша тарату керектігін атап өтті. Бұл ретте, «кішкентай істер» туралы - әрбір елді мекеннің, жолдың, мәдениет және демалыс нысандарының тазалығына мән беруді естен шығарып алмау керек.

Одан кейін Мемлекет басшысы жаңа қалалық орталық мәдениет және демалыс паркімен таныс болды. Оны қайта құрылымдау жұмыстарына бір миллиардтан астам теңге бөлінген. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар