Жаңалықтар

20 қараша 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев НАТО Саммиті аясында өткен Солтүстікатлантикалық Кеңестің Ауғанстан мәселесіне арналған отырысына қатысып, сөз сөйледі.
01

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалығының алғашқы күнінен ауған мәселесін өз басымдықтарының бірі ретінде жариялағанын атап өтті.

– Қазақстан Халықаралық қауіпсіздік әрекеті күштеріне қосылған Орталық Азия аймағындағы алғашқы мемлекет ретінде халықаралық коалиция күштеріне көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқандықтан бұл қалыпты қадам болды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халықаралық Күштерді шығару мерзімін анықтауда сындарлы, жан-жақты ойластырылған қадамдарды қолдайтынын атап көрсетті.

Қазақстан тоғыз жылдан бері халықаралық күштерді ұдайы қамтамасыз етуде  НАТО мен Қазақстан арасындағы әскери емес жүктер транзиті туралы келісімге, сондай-ақ АҚШ-пен, Германиямен, Франциямен және Испаниямен жасалған екі жақты уағдаластықтарға сәйкес көмек көрсетіп келеді.

Терроризмге қарсы операциялар жүргізілген жылы халықаралық күштер мен коалиция әскері үшін Қазақстан арқылы 13 мың әуе ұшулары жүзеге асырылып, теміржолмен 15 мың контейнер тасымалданған.

Ауғанстандағы жағдайды реттеу жолдарын анықтау кезінде ықпалдастықтың түрлі форматтарын тиімді қолдану қажеттілігіне баса назар аударылды.

– Халықаралық күштерді бірте-бірте шығарумен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіруде ауған халқының мәдени-діни және тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді әлеуметтік-экономикалық қолдауды күшейте түсу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан басқа, 2007 жылы Қазақстан Ауғанстанға арнайы көмек көрсету жоспарын қабылдады. Аталған жоспарға сәйкес биылғы жылдан бастап Қазақстанда 1000 ауған студенті азаматтық мамандықтар бойынша оқып жатыр. Бұл мақсатқа 50 миллион доллар бөлінген.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы Халықаралық қауіпсіздік әрекеті күштері қызметі үшін азық-түлікпен, құрылыс материалдарымен, түрлі салада мамандар даярлаумен қамтамасыз ететін ресурстық қолдаудың тиімді базасы бола алатынын атап өтті.

Президент 1-2 желтоқсанда Астанада алғаш рет жаңа мыңжылдықта өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті Еуро-атлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынын еске салды.

– Астанадағы жоғары деңгейлі кездесу, ЕҚЫҰ-ның іргелі мәселелерін шешумен қатар, Ауғанстанды тұрақтандыруға қуатты серпін береді және біз Астана Саммитіне НАТО-ға мүше елдер мен серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары қатысады деген сенімдеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар