Сөйлеген сөздер мәтіндері

14 қаңтар 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың сұхбаты
 

Елдік мерекелер – Елбасы еңбегінің ерен көрінісі

«Келер жыл – терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқын 2015 жылмен құттықтауындағы бұл сөздер қазақ ежелден құт-берекенің басы деп білетін  қой түлігінің атымен аталған  жылдың  қадір-қасиетін айшықты аша түседі. Елбасының бір сөйлемге сыйып кеткен шымыр да жұмыр тұжырымында терең тарихымыз дегенде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, құқықтық негізіміз дегенде Конституцияның 20 жылдығы, берекелі бірлігіміз дегенде Президент Жарлығымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы айтылып тұр. Мемлекет өміріндегі осы орасан мәнді оқиғалардың елдік мерекелер сипатында аталып өтуі өте маңызды. Міне, сондықтан да біз жыл басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға өтінішімізді жеткізіп, биылғы басты белестердің бағамдалуы, мерейлі даталардың мерекелену сипаты туралы сұхбат беруін сұраған болатынбыз. Әрине, Мемлекеттік хатшымен онша жиі кездесе бермейтіндіктен әңгімеде осы биік лауазымды қызметтің құзыретіне кіретін басқа мәселелер де қамтылды. Енді сол сұхбатқа назар салыңыз, қадірменді оқырман.

***

– Құрметті Гүлшара Наушақызы, жылқы жылы бүкіл еліміз үшін дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталды. Өткен жылдың сіздің жеке өзіңіз үшін де жақсылығы жеткілікті болды. Ел үшін сіңіріп жүрген еңбегіңіз лайықты бағаланып, Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалдыңыз. Мұндай лауазым биігіне  бұрын-соңды қазақ қызы көтеріліп көрмегенін атап айтқым келеді. Құтты болсын!

– Рахмет.

– Өткен жылды ойдағыдай шығарып салдық. Еліміздің экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінде көптеген жарқын жаңалықтар, нәтижелі де табысты көрсеткіштер, оңды оқиғалар болды. Еліміз келер күндерге еркін қадам басуда. Жаңа жылдың алғашқы күндері де басталды. Мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларының бірі ретінде ескі жылға есеп бергенде өткен жылдың есте қалар елеулі оқиғасы ретінде нені атар едіңіз?

– Әңгімемізді бастамас бұрын Отанымыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымының барша оқырмандарын жаңа жылмен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Жақында ғана таралымы 203 мыңнан асқан газет сіздің басшылығыңызбен әлі де талай асуларды алады деп сенемін. Есігімізден енген қой жылын халқымыз  бейбіт өмірдің, берекелі тірліктің бастауына балап, бұл жылдан мол үміт күтетіні белгілі. Осыдан екі мүшел уақыт бұрын еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгідей қарыштап дамудың даңғыл жолын бастады. Олай болса, биылғы қой жылы да халқымыз үшін жақсы нәтижелердің, жарқын жетістіктердің жылы болады деген үміттеміз.

Әрбір жыл өткен сайын біз оның қорытындысы қандай, қаншалықты табысқа жеттік, қалай шығарып салдық деп дерек пен дәйекке назар аударамыз. Бұл жөнінен келгенде, көңіл тоғайтар, қуана айтар жаңалықтарымыз, жетістіктеріміз жетіп жатыр. Оның бәрін бұқаралық ақпарат құралдары елеп-екшеп, тиянақтап тізіп, халыққа жеткізді. Ең бастысы, ел ынтымағы, береке-бірлігі өзінің дәстүрлі деңгейінен түскен жоқ. Табысымызға табыс, қуанышымызға қуаныш қосылды. Тәуелсіздік тұғыры одан әрі беки түсті. Экономикалық қуатымыз, елдік мұратымыз өршіл мақсаттарды жүзеге асыруда жігер мен өрлеу танытты.

Былтырғы жылдың басты оқиғасы – қараша айында өткен «Нұр Отан» партиясының» саяси кеңесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа өзінің жаңа Жолдауын жария етуі. Бұл Жолдаудың мәні мен мақсаты, мазмұны мен идеясы ерекше, өзгеше. Жалпыұлттық қолдау мен халықтық қостауға ие болған Жолдауды елдің экономикалық-әлеуметтік дамуының жаңа биіктігі, жарқын тұғыры деп қабылдап жатқан алыс-жақын шет елдердің өзі осы Жолдауды қазіргі аумалы-төкпелі дүниедегі өмірді жақсылыққа қарай жаңғыртар бағдарлама деп қабылдап жатыр.

Сізбен сұхбатқа әзірленгенде Президент Жолдауынан мына сөздердің астын сызып, дайындап отыр едім. Елбасымыз: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі... Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты... Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек» деп атап көрсетті.

Бұл үзінділер – Жолдаудың алтын арқауы. Елбасының осы айтылған міндеттері біздің бүкіл жұмысымыздың алтын кілті деп білемін.

– Сұхбатымызды осы жылдың мазмұндық әрі мағыналық ерекшелігімен жалғастырсақ деп ойлап отырмын. Биыл Елбасының ерен шешіміне орай, еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын  және Жеңістің 70 жылдығын кең ауқымда мерекелеуді межелеп отыр.  Біздің ойымызша, бұл айтулы белестерді бүкіл халық болып атап өту жай ғана даңғаза той өткізу емес, керісінше еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өрлеуінің өзіндік биік көрсеткішін, мемлекеттіліктің терең тамырын танытудың өнегесіне айналады деп ойлаймыз. Сіз Мемлекеттік хатшы ретінде қоғам өмірінің әлеуметтік-гуманитарлық салаларға қатысты кең ауқымды мәселелерді үйлестіріп келесіз. Осыған орай, 2015 жылғы жұмыстың негізгі басымдықтары мен міндеттері осы мерейтойларды өткізудің аясында белгіленетін болар?

– Өзіңіз айтқандай, биылғы жыл еліміз үшін мерейлі белестер мен мерекелі  тойлардың тоғысқан кезеңіне айналғалы отыр. Елдіктің осынау торқалы тойларын ел болып абыроймен өткізіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатының арқасында шырқау биікке өрлеген Қазақ елінің татулықтың нағыз талбесігі, тұрақтылықтың  берік тұғыры екенін әлемге дәлелдеу бәрімізге сын мен міндет.

Елбасының ұйғарымына орай, биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуді  өзара үйлесімді байланыста жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Өйткені, аталған айтулы даталардың барлығы бізді бүгінгідей дербестікке жетуге жетелеген, ықпал еткен, дара жол ашқан ұлтымыздың әр кезеңіндегі, әр белесіндегі тағылымды тарихы, ортақ шежіресі. Сондықтан, бұл қасиетті белестерді бөле-жара қастерлеп, дербес атап өтуімізге ешқандай негіз жоқ.

Мысалы, жіктеп айтар болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын өткізуді еліміздегі этносаралық келісім мен бірліктің, ішкі саяси тұрақтылық пен діни тағаттылықтың, бейбітшілік пен игіліктің тірек-тұғыры  ретінде атап көрсете аламыз.

Ал Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы жаһандық сын-қатерлерден туындайтын қауіптердің дер кезінде алдын алуға, қоғам мүдделерінің іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті қалыптасқан мемлекеттің бұлжымас бағдарына айналуға тиіс.

Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттың бірегейлігін бекемдеуге қызмет етіп, қазіргі заманғы мемлекетке атын берген байырғы қазақ жерінде мекен ететін Қазақстан халқының ортақ әрі терең тамырларын жан-жақты айғақтайтын болады.

Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін салтанат қазақстандық патриотизмнің өрлеуіне қуатты серпін беріп, адамзат тарихының ең сұрапыл соғысындағы аталарымыз бен әкелеріміздің ғасырлар бойы өшпейтін қасиетті ерлігін көрсетеді.

Аталған іс-шаралар республикалық және өңірлік деңгейде осы негізде және өзара байланыста өтетін жылдың барлық іс-шараларының тұғырына, мазмұнына және басты діңгегіне айналады.

Тұтастай алғанда, бұл мерейтойлар елдік тұғырымыздың беріктігін, Елбасының өлшеусіз еңбегінің толайым нәтижесін әлемге терең таныта түсетін мемлекеттік ауқымдағы мерекелер.

Мұның сыртында даңқты тұлғаларымыз бен ұлтымыздың ұлы перзенттерінің мерейтойлық тізбесі және бар. Ұлы Абайдың 170 жылдығы, ұлт тарихының ақиқатын ақтарған тарихшы Ермұқан Бекмахановтың, жазушы Ілияс Есенберлиннің, сондай-ақ қазақ фольклорын тереңнен зерттеген Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдықтары, берірек келсек, дара дарын иесі, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығы, қазақ поэзиясының заңғар биіктері Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбай Молдағалиевтің, Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдықтары және басқа да елеулі даталар ескерусіз қалмайды, ұрпақ ұлағат алатындай өз деңгейінде атап өтіледі деп санаймын. Сонымен бірге, тұсауын кесетін іргелі де қуатты өндіріс орындары, зауыттар мен фабрикалар, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емдеу орындары, мәдениет ошақтары мен руханият ордаларының жаңадан есік ашуы да  елдің жетістігіне айналады деп сенемін.

– Еліміздің әлеуметтік саласына біраз жылдардан бері басшылық жасай жүріп, сіз республикамызда адами капиталды дамыту мәселесіне баса назар аударып келе жатқаныңыз көпшілікке мәлім. Әлбетте, бұл саланы ілгерілетудің маңызды шарттарының бірі халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйелерін заманға сай бейімдеу, реформалау деп ойлаймыз. Мемлекеттік хатшы лауазымында бұл мәселелер сіздің жұмысыңыздың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарына қосылған болар?

– Өткен жылдың соңында Елбасының Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік хатшының өкілеттігі аясында қаралатын мәселелердің қатарына  еліміздегі әлеуметтік-гуманитарлық даму, отбасылық-демографиялық саясат және дене шынықтыру салаларын үйлестіру бағыттары енгізілді. Сондықтан, бұл мәселелер де өзіңіз айтқандай біздің құзыретіміздің шеңберінде талқылануда.

Елбасының дәстүрлі Жолдауларының қай-қайсысы да бірінші кезекте халықтың әлеуметтік мәселелеріне, оның ішінде білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сияқты өмір сүруге қажетті салаларды өркендетуге бағытталып отырады. Дәлірек айтсақ, бұл Жолдауда да адамның өмір сапасын жақсартуға қажетті барлық әлеуметтік мәселелер толығымен  қамтылған. Соның ішінде, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдаудың әлеуметтік  жүгінің аса салмақты екенін назар аударған боларсыз. Солай екенін «Егемен Қазақстанның» бетіндегі мазмұнды мақалалардан, салиқалы сұхбаттардан көріп те отырмыз.

Мысалы, баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен процентпен ұсыну,  апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу, мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын түбегейлі қысқарту, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және басқа да мәселелерді шешу жолдары тайға таңба басқандай анық көрсетілді. Ең бастысы, Елбасы аталған игілікті бастамаларды іске асырудың нақты тетіктері мен қаржы көздерін айқындап, шешу жолдарын белгілеп, Үкіметке тиісті тапсырма берді. Айталық, тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 миллиард теңге, балалар бақшасы құрылысына қосымша 20 миллиард теңге, апатты мектептер құрылысына қосымша 70 миллиард теңге бөлінетіні, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілері пайдаланылатыны жаңаша әлеуметтік жаңғырудың нақты бағыттары айқындалғанын көрсетеді.

Өткен жылдың қараша айында сіздердің газеттеріңізде жарияланған «Адами капитал – табысқа бастайтын жол» атты мақаламда мен нақ осы салалардың өзекті мәселелеріне, оның ішінде демография, денсаулық, білім беру, жұмыспен қамту тақырыптарының көкейкесті проблемаларына тоқталғаным естеріңізде болар.

– Әрине, есімізде. Біздің газетте мақалаңыз жарияланған күні сізді Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындау жөніндегі Елбасы Жарлығына қол қойылғаны да есімізде.

– Иә, солай болғаны рас. Газеттегі мақалада атап көрсеткенімдей, балабақша­лар мен мектептердің, ауруханалардың жетіспеуі; соның салдарынан білім алуға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік нысандар қызметіне қолжетімділіктің теңсіздігі, еңбек ресурстарының жетіспеуі әлеуметтік қызмет сапасының деңгейіне кері әсері әлеуметтік салаға әжептеуір салмақ түсіруде.  Сол себепті, бұл мәселелерді шешу үшін бүгінде мемлекет тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде.

Байқасаңыздар, кейінгі жылдары өркениеттік игіліктер өмірімізге дендеп енген сайын адамдардың мемлекеттік басқару қызметтерін ізгілендіруге деген әлеуметтік сұранысы еселене түсуде.  Адамдарға деген құрмет, адамдарға деген қамқорлық, олардың өз бетінше жетіліп-толысуына деген үлкен мүмкіндіктерінің қалыптасуы әлеуметтік әлеуеті зор мемлекетте ғана мүмкін болмақ. Соған сәйкес, біз әлеуметтік-гуманитарлық қадамдарды басымдық ретінде пайдалануға ерекше көңіл бөле беруіміз керек. Мұндай ізгілендіру қадамдарын пайдаланудың мақсаты – қоғамның әлеуметтік саласын мейлінше бәсекеге қабілетті деңгейге шығару жолында әлеуметтік-қажеттілік өзгерістердің өзіндік сүрлеуін, даңғыл жолын анықтау болып табылады.

– Сіз айтып отырған әлеуметтік-гуманитарлық қадамдарды дені сау ұрпақ, дерттен аман қоғам ғана лайықты  жүзеге асыра алады деп ойлаймын?

– Әрине, халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөзді тегін айтпаған. Денсаулық  сақтау мәселелеріне келер болсақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыру»  мәселелері кеңінен атап көрсетілді. Бұл тұрғыда елімізде едәуір жұмыстар жүргізілуде.  2015 жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аяқталып, нәтижелері қорытындыланбақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2017 жылы міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын қамтамасыз ету бойынша алдымызға маңызды міндет жүктеді. Ендігі жерде денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлттық  жүйесін одан әрі ілгерілету, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу үшін, өзге де бағдарламалық құжаттармен хронологиялық ретте салыстыра отырып, өмір сүрудің осы саласын дамытудың  Тұжырымдық бағдарын әзірлеу қажеттігі туындап отырғанын айта кетуіміз керек.

– Сөздің реті келгендей айта кетсем, халықтың  «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзі бар. Бұл ретте жалпы халықты, әсіресе жастарды саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу тиімдірек болмай ма?

– Дұрыс айтасыз. Елбасы әрбір азаматтың өз денсаулығының жағдайына жауапты болуға тиіс екенін айтып, осы мәселеге халықтың назарын ұдайы аударып келе жатқаны аян. Мысалы, мынадай фактілерге көңіл аударып көрелік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсаулығының 50%-і адамның ұстанатын өмір салтына, 20%-і генетикалық шежіресіне, 20%-і әлеуметтік-тұрмыстық факторларға, ал 10%-і ғана денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейімен байланысты болады екен. Бұдан шығатын басты қорытынды, біз отандастарымызға  саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтануға бейімделу, жат әдеттерден арылу, дене шынықтырумен жүйелі айналысу  сияқты қағидаттарды сіңіріп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтуіміз қажет. Былайша айтқанда, біз дамудың қазақстандық жолын қалыптастырғанымыз сияқты қазақстандық өмір сүру салтын да бүкіл әлемге үлгі етуіміз керек.

– Дәл мұндай мақсат қою қазірше артықтау да шығар, бәлкім. Дегенмен, сондай биікке ұмтылғанымыз жақсы. Президент еліміздің алдына әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде өршіл мақсат қойды. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі туралы айтар болсақ, ең әуелі, еліміздегі жалпы және кәсіби білім беру жай-күйі, жалпы зияткерлік әлеуеттің келешегі ойға оралады. Бабаларымыз айтатын «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөздің  нағыз заманы енді келген жоқ па?

– Әрбір қоғамның даму деңгейі ең әуелі, денсаулығы мықты, білімді азаматтарының санымен өлшенетіні анық. Осы екі негізгі факторды қамтамасыз етуде мемлекеттің аталған салаларды дамытуға салған инвестициясының көлеміне байланысты болатыны әлемде өзін дәлелдеген аксиомалық тұжырым. 

 Сіздің газетіңізге шыққан мақалада атап өткенімдей, бүгінгі таңда елімізде  үш ауысыммен оқитын 103, ал апатты жағдайда тұрған 176 мектеп бар. Қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге арналған бес жылдық жоспар іске асырылуда. Мектептердің апаттық жағдайын анықтайтын арнайы картасы әзірленді. Нақ осындай оқу шаңырақтарында білім алу жеткіншектердің ертеңгі күні бәсекеге қабілетті маман болып шығуына кедергі келтіретіні бесенеден белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта республикалық бюджет және мем­лекет-жекеменшік арасындағы әріптестікті жолға қойып, игілікті іске бизнес өкілдерін тарту арқылы 258 мектепті пайдалануға беру межеленуде.

Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі, асыл діңгегі екені анық. Ауылдық жерлерде Қазақ елінің болашақ Шоқандары, Абайлары, Сәтбаевтары өсіп келе жатқанына ешқандай күмәнім жоқ. Сол себепті, ауылдық аумақтарда білім деңгейін көтеруге көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл орайда, шалғай ауылдардағы бала саны аз мектептер де білім сапасының артуына тосқауыл болып жатқанын жасырмауымыз керек. Бүгінде республика аумағындағы 7 700 мектептің 4 000-ын дәл осындай мектептер құрайды. Қалыптасқан проблеманы шешуде ауыл мектептерінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану ұсынылуда. Яғни, бұл әдіс оқушыларға заман талабына сай білім беруде қала мен ауыл арасындағы ақпараттық-техникалық теңсіздікті азайтуға жол ашады. Келешекте халық саны басым елді мекендерде интернаттарды қайта жаңғырту ісі қолға алынбақ. Жалпы ал­ғанда, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оларды біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі.

Сонымен бірге, біз елімізде іске асырылып жатқан Үдемелі индустриялық бағытқа сай жоғары технологияларды игерген,  автомат­тандырылған өндірісте жұмыс істей алатын, жаңа технологияларды қолдана алатын мамандар даярлауға баса назар аударуымыз керек.

– Тәуелсіздік жылдарында елімізде демографиялық ахуалды жақсартуға байланысты біршама жұмыстар жүргізілді. Елімізде гендерлік саясатқа, отбасы институтына, ана мен балаға айрықша көңіл бөлінуде. Президент Жарлығына сәйкес, сіз сонымен бірге, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы болып табыласыз. Биылғы жылы Комиссия алдында қандай мәселелер өзекті болмақ?

– Елбасының әйелдер қауымына қарата айтқан: «Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер» деген ұлағатты сөзін әрбір ана, әрбір қыз-келіншек жадына берік түюге тиіс деп ойлаймын. Расында да, әрбір отбасының тірегі саналатын аналарға деген қамқорлық, оларға жасалатын қолдау деңгейі елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына едәуір серпін беретіні ақиқат.

 Мемлекет басшысының халықты барынша сақтау және оның санын 20 миллионға жеткізу және одан да әрі арттыру жөніндегі келелі міндетін орындау  отбасының материалдық әл-ауқатын өсірумен байланысты болмақ. Бұл үдерісте өзіңіз айтып отырған Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға маңызды роль берілмек.

Отбасылық құндылықтарды,  отбасы және неке институтын нығайту, тұтастай алғанда, Қазақстан жолының жалпы рухани құндылықтарын қастерлеуге, өмір сапасын арттыруға назар аударылатын болады. Шынын айтқанда, адами капиталды дамыту ісіндегі отбасының жасампаздық рөлін қазіргі қоғам әлсіз сезінеді және аз қолдау табуда. Қазіргі кезеңде отбасы институтына; отбасылық құндылықтар құрылымын айқындауға; балаларды қорғаудың жай-күйіне (медициналық, әлеуметтік, құқықтық аспектілер) баға беру қажеттігі туып отыр. Бұған ел Президентінің отбасылық қатынастарды,  моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту; саламатты өмір салтын қалыптастыру және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағытталған Жалпыұлттық жоспарды іске асыру ұйытқы болмақ. 

Аталған жоспарда отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, жастарға қолдау көрсету, лайықты қарттықты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар көзделген. Сонымен бірге, халықты жұмыспен қамтамасыз ету көлемін арттыру, кәсіби бейімділік жұмысын күшейту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі тетіктер қарастырылған.

Ұлттық комиссия атқарған жұмыстардың нәтижесі Елбасының қатысуымен  8 наурыз қарсаңында дәстүрлі өтетін «Көктем шуағы» және Отбасы күніне орайластырылған «Мерейлі отбасы» сияқты мерекелік іс-шараларда қорытындыланып, көпшілікке жарияланып отырылатын болады.

– «Қазақстан жолының» бірегей тәжірибесі және бүгінгі бүкіләлемдік жағдай көрсетіп отырғандай, кез келген елде тұрақты экономикалық өсу мен әлеуметтік даму тек қана қоғамдағы келісім мен бірліктің арқасында жүзеге аспақ. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан қоғамын ортақ құндылықтарға топтастырудағы, жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі негізгі бағыттаушы құралға айналмақ. Солай емес пе?

– Жақында ғана қабылданған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу  тұжырымдамасында «Мәңгілік Ел» – бұл қазақстандық мемлекеттілігіміздің көне тарихынан бастау алатын жалпыұлттық идея» деп сипатталды.   Бұл дәл, анық әрі әділетті берілген сипаттама деп ойлаймын. Өйткені, VIII ғасырда Тоныкөк бабамыз: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт еттім: бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!» деп, «Мәңгілік Ел» құрсақ деген асыл мұратын тасқа қашап жазып кеткені баршаға мәлім. Ата-бабаның сол асқақ арманы бүгінгі өркен жайған тәуелсіз мемлекетімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында орындалуда.

«Мәңгілік Ел» – өскелең ұрпақты тәуелсіздікті қорғауға, мемлекеттілікті нығайтуға үндейтін, отансүйгіштікке баулитын ұлттық идея. Біз осы арқылы азаматтық және ұлттық құндылықтардың ортақ  жүйесін қалыптастыра алмақпыз.

Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбаты халқымыздың көкейіндегі көп ойды қозғап, ұлттық тарихымызды қадірлеп, қастерлеудің озық үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлының ел тарихын екшеудегі, оның жалпыөркениеттік дамудағы Қазақстанның орнын нақтылаудағы, осы орайда баршамыздың алдымызда тұрған асыл міндет – ұлттық құндылықтарды барынша танытып, дамытып, насихаттап, жас ұрпақтың санасына жеткізудегі тамаша тағылымды тапсырмасы болды деп бағалаймыз.

Тәуелсіздігімізді әлемге одан әрі терең таныта түсудегі, ежелден ел болып, мемлекеттілігіміздің жүздеген жылдық кезеңге кететіндігін көрсетудегі, ұлтымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі ұйыстырудағы бұл аса көреген саяси қадам бәрімізге жауапты міндеттер жүктейді.

Тарихымызды өзіміз терең танып, өзгеге таныта білу үшін көп жұмыстар атқарылуы шарт. Бұл қазіргі қоғамдық ғылымдардың алдына, соның ішінде тарихшыларымызға үлкен жауапкершілік артады.

– Бүгінгі жаһандану жағдайында мемлекеттілікті нығайтудың басты тетіктері: жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, халықты әлеуметтік мешеуліктен арылту, құқық бұзушылықтың, соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және басқа да әлеуметтік жаңғыру мәселелері Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құзыретіне кіреді. Аталған комиссиялардың биылғы жылғы жұмыс жоспарлары қандай болмақ?

– Мемлекет басшысы жанындағы жұмысын Мемлекеттік хатшы үйлестіретін 12 комиссияның міндеттерін іске асыру тетіктерінде қоғамның өзекті проблемаларын талдау-сараптау құрамдасы негізгі факторға айналуға тиіс деп ойлаймын.

Осыған орай, кешенді үштік: комиссияның – мемлекеттік органдардың – азаматтық қоғамның іс жүзіндегі өзара іс-қимылын күшейтуге назар аударғалы отырмыз. Жергілікті жерлердегі негізгі оқиғалардың ортасында болып, қоғамның көкейкесті проблемаларын зерделеу мақсатында бірқатар комиссиялардың отырыстарын өңірлерде, кәсіпорындарда, үкіметтік емес секторда көшпелі басқосулар негізінде   өткізу тәжірибесін енгізу жоспарда бар.

Сонымен бірге, мемлекеттік саясатты іске асыруда ақпараттық-имидждік құрамдасқа маңызды орын берілетін болады. Бұл жұмысқа комиссия мүшелерін ғана емес, сараптамалық қауымдастықты және «үшінші сектор» өкілдерін енгізу ескерілмек. Осы ретте, аталған жұмысқа өңірлерден келген өкілдерді барынша тарту қажет деген пікірдемін.

– Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап Мемлекет басшысы руханиятымыздың дамып, одан әрі өркендеуіне баса назар аударды. Мәдени-рухани құндылықтар халықтың болмыс-бітімі, ұлттық портреті, жан дүниесінің шарайнасы. Осы мәселеде алдымызда тұрған міндеттер қандай? Әлемдік өркениет көшіндегі ұлттық мәдениетіміздің өзіндік үлес салмағы қандай дәрежеде болуы мүмкін?

– Жалпы алғанда, елдің, ұлттың және тұтастай  мемлекеттің болашағы сол елде өмір сүріп жатқан қоғамның өз тарихын, мемлекеттік тілін, төл мәдениетін сіңіруі мен сезіну деңгейіне байланысты екені рас.  Бұл факторлар халықтың сыртқы идеологияға қарсы төтеп беретін рухани иммунитетін күшейтіп, оқтын-оқтын алдан тосып тұратын жаһандық және өңірлік геосаяси сын-қатерлердің алдын алуға, болжамдауға және жоюға алғышарт болады.

Еске түсіріп көрелік, тәуелсіздіктің алғашқы арайындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай қандай еді? Нарықтық қатынастың заңдылықтары мен ережелері әлі қарабайырлық кезеңде, елді тұрмыс қиындығы билеген кездің өзінде мемлекет мәдени-рухани мұраларға, осы саланың өкілдеріне барынша қолдау, қамқорлық көрсетуді қатты қадағалады. Өйткені, сананы тұрмыс билеген заманда бұл сала назардан тыс қалатын болса, онда оның өтеуі де қымбатқа түсер еді. Орнына келуі де оңай болмас еді.

Осыны терең түсінген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл салаға ерекше мән беріп, нақты қолдау көрсетуді жолға қойды. Елбасының тарихи бастамасы бойынша ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарламасының кешенді түрде іске асырылуы халықтың бойында рухани сілкініс жасап, тарихи-мәдени қорымызды толықтырды.  Президент мәдениеттің, әдебиет пен өнердің ерекше еңбек сіңірген танымал тұлғаларына – 100 адамға стипендия тағайындады, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларына мемлекет қаржысын тиісінше бөлдіріп отырды, осы саланың жастарына, білім мен ғылым саласының жас толқынына нақты қамқорлық жасап, оларға да кейінгі  жылдарда арнаулы стипендиялар мен тиісті қаржылық, моральдық көмек жасауды тиісті ұйымдарға қатаң тапсырды. Қазір жыл сайын осы саланың белгілі қайраткерлері мен жас таланттарына 100 арнаулы стипендия беріп келеді. Бұдан басқа атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымын айтсақ, әңгімеміз ұзап кетер.

Өзге елдер мен халықтардың бізді тек экономикалық жетістіктеріміз бойынша емес, руханияттағы дәреже-деңгейімізбен де құрметтеуіне ұмтылу керек. Біздің ұлттық, кәсіби, классикалық өнерімізді бүгінде әлем таниды. Біз бұл тұрғыда ұлттық портретімізді қалыптастыра алдық. Әдебиетіміздің биік деңгейін ТМД елдерін былай қойғанда күллі әлем мойындайтын кезеңге жеттік. Өнеріміз, әсіресе ұлттық өнеріміз қазақты әлемге танытатын брендке айналып, болмыс-бітімімізді сомдады. Кино, театр өнері жаңа кезеңге көтерілді. Сахналық туындыларымыз Еуропа мен Америка көрермендерінің көзайымына айналды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстанның руханияттық авторлығын әлемдік өркениет толық мойындайды. Мәдениет саласына келетін болашақ жас таланттарды табу, қолдау, қамқорлық көрсету, оқыту, үйрету, тәжірибесін шыңдау, мемлекет тарапынан еңбегіне лайықты баға беру тұрғысындағы жүйелі жұмыстар жақсы жалғасын табады. Бұл салада алдағы күндер табысы бұдан да зор болатындығына күмән жоқ. Осы қызметте халықпен бірлескен жұмыс жалғасын таба береді. Халық іші таланттарға бай, олардың ұлт игілігіне қызмет жасауын назарға алу, жүйелеу біздің басты міндетіміз болып қала береді.

Ендігі жерде бұл саладағы жүйелі жұмыс жақында қабылданған Қазақстанның мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізілетін болады.

– Мәдениет саласы стратегиясының іске асырылуын үйлестірумен қатар, оның ағымдағы жай-күйін біліп отыру мақсатында шығармашылық адамдармен кездесу өткізу, мәдени ошақтарды аралап көру  сияқты мәселелер  жұмыс жоспарыңызда бар ма?

– Шығармашылық ортадағы қоғамдық ахуалды айқындау, өзекті проблемаларды анықтау, оларды шешу жолдарын іздестіру, келешек міндеттерді белгілеу мақсатында биылғы жылы еліміздің белгілі жазушыларымен кездесу өткізу жоспарлануда.  Сол кездесуде қаламгер  қауымның бүгінгі жай-күйі, қазақ әдебиетінің қазіргі ахуалы кеңінен сөз болады деп есептеймін. Сонымен қатар, рухани-мәдени орталығымыз саналатын Алматыдағы жетекші театрлар, Абай атындағы опера және балет театры, корей, неміс және басқа да ұлттық театрларының шығармашылық ұжымдарымен кездесіп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі театрлардың ролі, репертуарлық саясат және басқа да мәселелер бойынша пікір алмасып, бағыттарын нақтыласақ деп отырмын. Жуық арада елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында болып, ұлттық тарихымызға орайластырылып қойылған спектаклді  көру де жоспарымда бар. Бұған қоса, шығармашылық топтармен кездесіп, мыңжылдықтарға тамыр тартатын терең, әрі бай тарихымызды жарыққа шығаруға негізделген олардың түрлі жобаларымен танысып, бірлесіп талқылауды межелеудемін.

– Әдебиет туралы әңгіме қозғалып қалды ғой, осы орайда мына жайды сұрағым келеді. Мемлекеттік қызметтің уақыты аздау болатыны белгілі, дегенмен, қолыңыз қалт еткенде қазақ қаламгерлерінен кімдердің кітаптарын қолға аласыз?

– Әрине, ойыңды қысқа-нұсқа айтуға бейімдеген бүгінгідей ақпараттық заманда кітапқа деген сұраныстың азайып бара жатқаны ащы шындық. Алайда, бұл құбылысқа қарап,  алдағы кезеңде барша қоғам кітаптан мүлдем бас тартады деген үзілді-кесілді ұйғарым жасамауымыз керек. Кітап оқу – әрбір адамның ішкі рухани сұранысынан  туындайды деп ойлаймын. Біз кітапты  адал досың, адастырмас құбылаң, сырлас құрбың деп тәрбиелеген заманның ұрпақтарымыз. Қазақ сөзіне, ұлт өнеріне үлесін қосып жүрген әрбір қаламгерге құрметпен қараймын. Сондықтан, қолым қалт еткенде көркем әдебиет оқуға ден қоятыным бар. Соңғы уақытта белгілі жазушы Сәбит Досановтың «Аспан жылаған түн», «Далалық мегалит және даналық», «Солнце встает с Востока» шығармаларын, көрнекті ақынымыз Олжас Сүлейменовтің «Код слова» кітабын, дарынды ақын Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» атты өлеңдер жинағын, өткен жылы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған Гүлнар Салықбаеваның «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты өлеңдер топтамасын, Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» тарихи романын, сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатына үн қосқан мақалаларды топтамасы бойынша «Егемен Қазақстанның» шығармашылық тобы құрастырып, жарыққа шығарған «Ұлт ұясындағы ұлағат» жинағын оқып шықтым.

Қазіргі жастар поэзиясы да биікке самғап келеді. Оларды да мүмкіндігінше қарап, жақсысын іріктеп, жаңасын тауып, оқып отырамын. Әлем әдебиетін де жеткілікті түрде қарап отыру – менің үйреншікті дағдым.

Жалпы алғанда, кітап оқу арқылы адам өзінің білім көкжиегін кеңітіп, рухани болмысын қалыптастырады, азаматтық ұстанымын нықтайды. Ұлттық тарихымызда кітапқа қатысты да талай деректер бар. Ғұлама ғалым, ойшыл, «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің Бағдад қаласындағы бай кітапханадан рухани сұранысын өтеу үшін Отырардан арнайы сапар шеккені де ақиқат. Тарихи үрдістің сабақтастығын бұзбай, Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең әуелі білімді де білікті жастардың әлеуетінде екенін айқын аңғарды, оларға даңғыл жол ашып берді. Бүгінде мыңдаған жастар «Болашақ» стипендиясы арқылы дүние жүзінің ең озық оқу орындарында жоғары білім алды. Астананың төрінде әлемдік деңгейдегі Назарбаев университеті құрылды, республиканың барлық өңірлерінде Назарбаев зияткерлік мектептері қалыптасты. Бұл жастардың білімнің ең тұнығынан қанып ішуіне мүмкіндік беріп,  Елбасымыз атап көрсеткендей, еліміздің 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне жасалған берік кепіл деп санаймын. Білімді елдің бағы да, бақыты да баянды болатынына күмән жоқ.

– Құрметті Гүлшара Наушақызы! Жаңа қызметіңіздегі алғашқы сұхбатыңызды ел газеті «Егемен Қазақстанға» бергеніңіз үшін тағы да рахмет. Сөз соңында биылғы жылдың басты міндеттері қалай айқындалатынын түйіндеп айтуыңызды сұраймын.

– Жылдың басты міндеттері Елбасы Жолдауында айқындалды. Жаңа жылдық құттықтауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік» деп қадап көрсетті. «Қой жылы той жылы болсын» деген ұйқасты тіркесті айтып жатыр жұрт. «Жақсы сөз жарым ырыс», айтыла берсін, артығы болмайды. Сонымен бірге,  Президент мерейтой   атаулының бәрі той тойлау үшін емес, ең алдымен ой ойлау үшін керектігін кезінде ескерткенін де ұмытпаған жөн. Ол ескертпе қазіргідей күрделі кезеңде бөлекше маңызды. Қай кезде де артық даңғазаға салынудың, шашпа-төкпелікке барудың реті жоқ. Әсіресе бүгінгідей  әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында. Ол жағдайдың әлемдік экономикаға барынша кіріккен ел ретінде, шикізат бағасына қарайламай тұра алмайтын ел ретінде  бізге де әсер ететіні анық. Сондықтан да біз басты назарды Елбасы еңбегінің ерен көрінісі болып табылатын  елдік мерекелердің мән-маңызын әрбір қазақстандық  жан-жүрегімен сезінетіндей етуге аударуға, ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін пайымдауына күш салуға тиіспіз.  Биылғы атаулы оқиғалар бізге өткенімізді ой елегінен өткізу, тарихтан тағылым алу, ең қасиетті қазынамыз – бірлігімізді күшейту, Ата Заңымызды ардақтайтын дәстүрімізді орнықтыру, айналып келгенде мемлекеттілігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін керек. Солай болуы үшін жұмыла жұмыс жүргізудеміз.

– Жұмыс жемісті болсын!

 

Сұхбаттасқан Сауытбек Абдрахманов

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті,

2015 жылғы 14 қаңтар


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері