
Корея Республикасы, Сеул қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтады.
Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды.
– Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.
– 1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи уақиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды.
– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екіжақты қатынастардың жекелеген аспектілеріне де назар аударды.
– Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Көптеген маңызды салада бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың «алтын көпірі» десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи уақиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деді Президент.

Өз кезегінде Спикер Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне ықылас танытып, Ұлттық Ассамблеяға арнайы келгені үшін алғыс айтты.
– Ең алдымен, Сізді конституциялық реформа және парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл – Қазақстан халқының Сізге Президент ретінде артқан сенімі жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея түрлі саладағы ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтты. Сондықтан осы сапарыңыз аясында екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын, – деді Чо Чжон Шик.
Парламент төрағасы Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын арттырудың маңызы зор.

Сонымен қатар Чо Чжон Шик екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен барыс-келіске көңіл толатынын жеткізді.
– Қазақстан мен Корея өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ игілік жолында алға қарай ілгерілей береді. Кореяның Ұлттық Ассамблеясы бұған барынша белсенді қолдау көрсетеді. Сонымен қатар келесі жылы көктемде Қазақстанда Орталық Азия мен Корея Республикасы парламент төрағаларының төртінші кездесуі өтеді. Аталған жиынға қатысуды жоспарлап отырмын. Сол кезде Сізбен Қазақстанда жүздесеміз деп үміттенемін, – деді Спикер.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша ықпалдастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.
