National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі

2026 жылғы 28 тамыз

Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашық деп жариялап, депутаттарға табыс тіледі.

Президент еліміз даму жолында аса маңызды кезеңге қадам басқанын атап өтіп, бір палаталы заң шығарушы органның қызметіне кірісуі, шын мәнінде, мән-мағынасы айрықша тарихи оқиға екенін жеткізді.

– Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ қате болмас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасында іргелі реформалар қолға алынып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленгеніне назар аударды.

– Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр. Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды, – деді ол.

Президент Әділетті, Күшті Қазақстанды құру баршаға ортақ міндет екеніне тоқталып, депутаттардың осы жолда табанды еңбек ететініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарға сай, еліміздің заңнамасын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы сөз соңында Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыру, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешу жөнінде аса ауқымды құзырет берілгенін айтты.

Президент сөзінің толық нұсқасын осы сілтеме бойынша оқи аласыздар.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің