Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті.
– Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды.
– Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық.
– Жуырда Астанада қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдаған Қазақстандағы Ресей күндері өтті. Маңызды уақиғалар қатарында былтыр елордада «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» және Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуын айтуға болады. Астанада өтетін үшінші «Болашақ ойындары» гуманитарлық байланыстардың, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы ынтымақтастықтың беки түсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы «Сириус» жобасын ерекше атап өткім келеді. Мұны қолдаймын, болашақ мамандарды даярлау үшін пайдасы зор деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
– Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқталғым келеді. Аталған форматты бүкіл әлем Орталық Азияға назарын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өте қызықты әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз, – деді Президент.

Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
– Былтыр Мәскеуге мемлекеттік сапарыңыз барысында жасаған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады, – деді Ресей Президенті.
Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында атом электр станциясын салуды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру мектебін және дарынды балалар мен жастарға арналған «Қазақстан – Сириус» орталығын құру және оның қызметі туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Омбы қаласындағы филиалында Ресей Федерациясының азаматтарын оқытуға жұмсалатын шығындарды қаржыландыру туралы келісім;
6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Ресей Федерациясы Қаржы мониторингі федералды қызметі арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласы бойынша ықпалдастық туралы Келісімге қосымша келісім;
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Ресей Федерациясы Орталық банкі арасындағы қазақстандық теңге/ресейлік рубль валюталық своп туралы екіжақты келісім;



8. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Ресей Федерациясы Орталық банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Көлік министрліктері арасындағы көліктегі цифрландыруды дамыту саласы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспары;
10. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Ресей Федерациясы Экологиялық, технологиялық және атомдық қадағалау федералды қызметі арасында Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
11. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясы Тұтынушылардың құқықтарын және адамның әл-ауқатын қорғау саласындағы федералдық қадағалау қызметі арасындағы ынтымақтастық бойынша нақты іс-шаралар жоспары;
12. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ресей темір жолы» АҚ темір жолмен жүк тасымалын цифрландыруды дамыту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары.


Сондай-ақ сапар барысында келесі құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен «TATMEDIA» АҚ арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
2. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы» Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.


