Ресей Федерациясының Мәскеу облысында өткен іс-шара барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, оның ішінде терроризм мен экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі айналымына қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық және киберқауіпсіздікті сақтау бойынша пікір алмасты. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы өз сөзінде мемлекеттер басшылары қабылдаған 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының одан әрі өзара ықпалдастықтың нақты бағдарларын айқындайтын құжат ретіндегі маңызын атап өтті. Кездесуде трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, аса маңызды инфрақұрылым мен халықаралық көлік дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалға баса назар аударылды. Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары өңірлік тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне тоқталды.