National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдады

2026 жылғы 24 маусым

Бельгия, Брюссель қаласы

MSC басшылығымен кездесу барысында көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Жүк айналымын арттыруға айтарлықтай септігін тигізетін контейнерлеу деңгейін ұлғайтуға ерекше назар аударылды.

Президент контейнерлік тасымалдау бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, бүгінде Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық саналатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту бағытындағы нақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету, сондай-ақ Құрық портын жаңғырту секілді негізгі инфрақұрылым жобалары қолға алынды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар аталған бағыттың бәсекеге қабілеттігін елеулі түрде арттыратынын, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты.

MSC аға вице-президенті Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады. Оның аясында логистикалық терминалдарға, темір жол активтеріне, порт инфрақұрылымына және теңіз қызметтеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы әуе арқылы жүк тасымалына қаржы құю қарастырылған.

 


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің